Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар маңызды шара қабылданды. Жауапкершілік күшейтіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері қалыптастырылды. Соған қарамастан, қайғылы оқиғалар азаймай отыр.
Депутат соңғы айларда болған оқиғаларды еске салды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова бірнеше жерінен пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Ал 23 қыркүйекте Астанада бұрынғы күйеуі екі баланың анасы Жазира Адауованы өлтірген. Аймағанованың айтуынша, бұл қайғылы оқиғалар қолданыстағы қорғау жүйесінің қаншалықты тиімді екеніне күмән келтіреді.
Депутаттың пікірінше, қауіптің алдын алу үшін жаңа әрі қымбат жүйелер құрудың қажеті жоқ. Өйткені елімізде профилактикалық есепке алу және электронды бақылау тетіктері қазірдің өзінде бар. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.
«Ең алдымен, Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде “Электронды қорғау аймағы” пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі қажет. Екіншіден, қауіп туралы хабар түскен кезде полиция қызметкерлері қандай әрекет жасауы керектігін нақты белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекітілуі тиіс. Үшіншіден, қауіп туралы әрбір хабарлама мен оған байланысты қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық жүйеде тіркелуі керек. Бұл әрбір шақырту бойынша кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын нақты анықтауға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Айжан Аймағанованың пікірінше, мұндай тәсіл қауіп-қатерді ерте кезеңде анықтап, полицияның жедел әрекет етуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, қауіпті жағдайлардың назардан тыс қалуына жол бермейді.
Депутаттың айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек оқиғадан кейін кінәлілерді жазалаумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – қауіп-қатерге тап болған адамды дер кезінде қорғау. Өйткені уақытылы қабылданған шара адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Аселим КАЛКЕН, Астана
Фото: ru.sputnik.kz

