Қабырғалары сөгіліп, тозығы жеткен ғимаратты тұрғындар өз күштерімен ретке келтіруге тырысқан. Олар қабырғаларды әктеп, сырлап, кіреберіске темір есік орнатқан. Алайда тұрғындарды қазір құлауға шақ тұрған қабырғалардан гөрі, жиілеп кеткен өрт оқиғалары көбірек алаңдатады. Қала тұрғындары өрт кездейсоқ шықпай, әдейі қойылуы мүмкін деп есептейді.
«Түн ортасында далаға жүгіріп шықтық. Алда қыс келе жатыр. Міне, үшінші күн жарық жоқ. Барлық азық-түлігімізді тастауға тура келді, бәрі бұзылып кетті. Түнде ұйықтауға қорқамыз, қайтадан өрт қоя ма деп үрейленеміз», – деді Ақтөбе тұрғыны Назира Сағымбаева.
Полиция қызметкерлері оқиға орнын тексерген. Алдын ала болжам бойынша, соңғы екі өртке жертөледегі электр қалқанының ақауы немесе толық сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін. Ал үйдің өзі өткен жылы апатты деп танылған.
Қала әкімдігі өртті қоғамға жат әрекетке бейім адамдар қоюы мүмкін деген болжам айтқан.
«Қазір өрттің шығу себептері туралы бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Бұған дейінгі өртті де мас күйдегі адамдар шығарған. Кеше де осыған ұқсас ақпарат түсті. Учаскелік полиция қызметкері бір адамды ұстаған, ол дүкеннің бейнетіркеу камерасына түсіп қалған. Алайда дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, оны босатқан сияқты. Бірақ бұл әдейі қойылған өрт екені анық. Мұндай әрекетке баратын адамдар бар. Бұдан артық нақты айта алмаймын», – деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй қоры бөлімінің басшысы Асхат Қазиев.
Үйде негізінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тұрады. Олардың көпшілігі үшін бұл – жалғыз баспана. Қазір тұрғындардың басты талабы – өрттің нақты себептерін анықтап, қауіпсіздік шараларын барынша күшейту.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото иллюстрациялық

