CaspianLife. 22 қазан. «Отбасы банк» 2026 жылғы 31 қазаннан бастап алдын ала және аралық қарыздарды ұйымдастырғаны үшін алынатын комиссияның шекті мөлшерін өзгертеді. Комиссия мөлшерлемесі бұрынғыдай қарыз сомасының 1%-ын құрайды. Алайда ірі көлемдегі қарыздар үшін комиссияның ең жоғары сомасы қазіргі 300 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін өседі.
Қазір банк қарыз сомасының 1%-ы мөлшерінде комиссия алады. Бірақ оның көлемі қарыз қанша үлкен болса да, 300 мың теңгеден аспайды. Жаңа тәртіп бойынша комиссияның шекті мөлшері қарыз сомасына байланысты белгіленеді.
Егер қарыз сомасы 50 миллион теңгеден аспаса, комиссия бұрынғыдай 1% болады, бірақ 300 мың теңгеден жоғары болмайды. Қарыз сомасы 50 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін болса, комиссияның шекті мөлшері 500 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал 100 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша комиссия 1% мөлшерінде есептеледі, бірақ оның сомасы 1 миллион теңгеден аспайды.
Банк мәліметінше, клиенттердің 92%-ы 50 миллион теңгеге дейінгі көлемде қарыз рәсімдейді. Сондықтан олардың басым бөлігі үшін ештеңе өзгермейді. Жаңа талаптар тек ірі көлемде қарыз алатын клиенттерге қатысты болады.
Мұны нақты мысалдардан көруге болады. Мәселен, 20 миллион теңге қарыз алған жағдайда комиссия 200 мың теңгені құрайды. Бұл — қарыз сомасының 1%-ы, яғни бұрынғы тәртіппен бірдей. Ал 70 миллион теңге қарыз алған кезде комиссияның 1%-ы 700 мың теңгеге тең болады. Қазіргі ереже бойынша банк ең көбі 300 мың теңге комиссия ала алады. Жаңа тәртіп күшіне енгеннен кейін комиссия 500 мың теңгені құрайды. Бұл бұрынғыдан 200 мың теңгеге артық.
Комиссия қарыз берілген кезде бір рет төленеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін қарыздар үшін комиссия алынбайды.
Жаңа талаптар банк 2026 жылғы 31 қазаннан бастап қабылдайтын өтінімдерге қолданылады. Оған дейін қабылданған өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралады. Ал беріліп қойған қарыздарға өзгерістер әсер етпейді.
Банк өкілдері комиссияның шекті мөлшерін қайта қарау қарыз сомасын ескеру қажеттілігімен байланысты екенін түсіндірді.
Дереккөз: Forbes.kz

