Caspianlife, 8 қыркүйек. Соңғы бірнеше күнде Атырау тұрғындары қаладағы өткір әрі жағымсыз иіске жаппай шағымданып жатыр. Қыркүйек айының басынан бері бірыңғай байланыс орталығына 70-тен астам өтініш, ал Экология департаментіне 40-тан астам шағым түскен. Қала тұрғындары жағдайдың нақты себебін анықтап, тиісті шаралар қабылдауды талап етуде.
«Біз тіпті ұйықтай алмаймыз. Түнгі сағат екілер шамасында бүкіл жерді жағымсыз иіс басты. Терезені ашсам, ішке сасық ауа кіреді. Мұнда болу мүмкін емес, өте қиын. Зейнетке шыққандардың бәрі Алматы, Көкшетау және басқа қалаларға көшіп жатыр. Әкімдік бұл мәселені бақылауға алуы керек. Экологтар бар ғой, олар қайда қарап отыр? Өздері басқа жерде тұрып, таза ауамен тыныстап жүрген шығар», – деді Атырау тұрғыны Бағила Ғұмарова.
Зертханалық сынамалар не көрсетті?
Өткен аптада Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қаладағы атмосфералық ауадан сынамалар алған. Ведомствоның мәліметінше, 31 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ауа құрамындағы ластаушы заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген нормадан аспаған.
Алайда 5-нен 6 қыркүйекке қараған түні және 6-нан 7 қыркүйекке қараған түні кейбір ароматты көмірсутектердің мөлшері белгіленген нормадан 10-15 есе жоғары болған.
«Осы аптада шамамен 608 сынама алынды. Оның 14-інен гигиеналық нормативтердің асып кеткені анықталды. Изопропилбензол, диметилбензол және көміртек тотығы анықталды. Анықталған заттар адамның тыныс алу жүйесіне кері әсер етеді. Яғни олар бронх демікпесі, жедел және созылмалы бронхит сияқты аурулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін», – деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова.
Жағымсыз иістің көзі – АМӨЗ бе?
Өңірдің бас экологы Асқар Жүсіповтің айтуынша, қаладағы өткір әрі жағымсыз иістің ықтимал көздерінің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Оның түсіндіруінше, түнгі уақытта оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бағыттағы желдің жылдамдығы төмендеп, қала аумағында газдардың жиналуына жағдай қалыптасқан.
«Соңғы екі күндегі зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша түнгі уақытта ароматты көмірсутектердің шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені анықталды. Өзім газдың өзін көрген жоқпын. Егер 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында күндіз желдің жылдамдығы секундына 20-30 метр болса, түнгі уақытта ол 5-7 метрге дейін төмендеген. Ауа температурасының өзгеруі, желдің болмауы, яғни тынық ауа райы – мұның барлығы ластаушы заттардың елді мекендерде тез таралуына әсер етеді», – деді Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы.
Әрі қарай не болады?
Экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын кешенді түрде талдауды жоспарлап отыр. Тексеру тек экологиялық инспекциямен шектелмейді. Оған тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, кешенді тексеру жүргізу көзделген. Бұл жұмысты бастауға кемінде 10 күн қажет болады.
Ал зауыт өкілдері аталған күндері кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істегенін және ешқандай апат болмағанын мәлімдеді. Қазір тіркелген шығарындылардың зауытқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
«Бүгін облыс әкімінің аппараттық кеңесіне бас директорымызбен бірге қатыстық. Онда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен Экология департаменті бірлесіп, Химпоселокта ароматты көмірсутектер бойынша нормативтен асып кету фактілері анықталғаны туралы ақпарат айтылды. Қазіргі уақытта зауыт қызметтері бұл шығарындылар мен анықталған көрсеткіштердің Атырау мұнай өңдеу зауытына қатыстылығын анықтап жатыр», – деді «АМӨЗ» ЖШС еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғау департаментінің директоры Арман Димукашев.
Демалыс күндері жағымсыз иістің тіркелуіне байланысты облыс әкімі жауапты басшыларды жинап, бірнеше кеңес өткізді.
Өңір билігі экологиялық құқық бұзушылықтар мен табиғатты қорғау саласындағы фактілер туралы барлық мәліметті біріктіріп, бірыңғай базаға енгізуді жоспарлап отыр.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

