CaspianLife. 3 қазан. Ресей аумағындағы нысандарға жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай айдау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Ведомство өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, 2 қарашаға қараған түні ұшқышсыз ұшу аппараттары Самара өндірістік-диспетчерлік торабына шабуыл жасаған. Осыған байланысты мұнай тасымалдау Астана уақытымен сағат 06:09-да тоқтатылған.
Қазіргі уақытта тиісті қызметтер инфрақұрылымның техникалық жағдайын бағалап жатыр. Энергетика министрлігі бұл бағыт бойынша мұнай қабылдау «жақын арада» қайта жанданады деп үміттенеді. Алайда нақты мерзімі әзірге белгісіз. Министрлік қосымша ақпаратты мәліметтер түскен сайын жариялауға уәде берді.
Бұл – аталған бағыттағы алғашқы үзіліс емес. 2021 жылғы қаңтарда да мұнай айдау уақытша тоқтатылған болатын. 11 қаңтарда Мәскеу уақытымен сағат 05:00-де жаңбыр аралас қар мен қатты көктайғақ салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарында электрмен жабдықтау жүйесі бұзылған. Мұнай тасымалдау сол күні сағат 19:59-да қайта жанданды.
2026 жылы қазақстандық экспорттаушылар тағы бір бағыттан айырылды. Бұған дейін хабарланғандай, Ресей 1 мамырдан бастап «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды Германияға транзиттеуді тоқтатты. Содан бері мұнайдың бір бөлігі Усть-Луга порты мен Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы бағытталып жатыр. Қазақстан Германияға мұнай жеткізуді 2023 жылы бастаған. Ал 2026 жылы осы бағыт арқылы шамамен 3 млн тонна мұнай жөнелту жоспарланған болатын.
Мұнай экспортының негізгі бағыты саналатын КҚК жұмысында да қиындықтар туындаған. Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамы осы консорциум арқылы тасымалданады. Шілде айының соңында консорциум терминалында «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеп жатқан NISSOS SIFNOS және MARATHI танкерлеріне шабуыл жасалып, содан кейін мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. 31 шілдеде КҚК мұнай құбыры да жұмысын уақытша тоқтатты. Алайда жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдап, оны резервуарларға жинауды жалғастырды. 1 тамыздан бастап мұнай қабылдау көлемі тәулігіне 100 мың тоннаны құрады.
«Атырау – Самара» учаскесі қазақстандық мұнай «Транснефть» жүйесіне жеткізілетін «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының құрамына кіреді. «ҚазТрансОйл» мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында осы учаске арқылы 7,573 млн тонна мұнай тасымалданған.

