CaspianLife, 10 қыркүйек. Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жағдайы қызу талқылануда. 1978 жылы пайдалануға берілген ғимараттың тозу деңгейі 82 пайызға жеткен. Бұған ауруханадағы жағдай туралы түсірілген видео себеп болды. Жазба 75 мыңнан астам қаралым жинаған. Автор палаталардағы тұрмыстық жағдайдың нашарлығына және санитарлық талаптардың сақталуына қатысты шағым айтқан.
Ақтауда тұратын Айсәуле Шамұрадова үш күн бұрын баласымен бірге ауруханаға жатқызылған. Оның айтуынша, ғимараттың жағдайы көңіл көншітпейді.
«Кереуеттер, асхана, дәретханалардың бәрі ескі. Балаларға жаңа аурухана қажет. Ал медициналық қызмет көрсету сапасына көңіліміз толады. Медбикелер уақытылы дәрі-дәрмек беріп, жүйе қояды», – деді ол.
Сонымен қатар тұрғын дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жұмысына ешқандай шағымы жоқ екенін атап өтті.
Аурухана әкімшілігі де ғимараттың әбден тозғанын мойындайды. Алайда қазір күрделі жөндеу жүргізу мүмкін емес. Себебі өңірде жөндеу жұмыстары кезінде кішкентай пациенттерді уақытша орналастыратын балама нысан жоқ.
Аурухана директоры Жанар Досжанованың айтуынша, ғимаратқа соңғы рет 2017 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.
«2017 жылы ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, содан бері жөндеу болған жоқ. Қазір жаңа аурухана салу бойынша эскиздік жұмыстар жүргізілуде. Одан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жіберіледі», – деді Жанар Досжанова.
Жаңа медициналық нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оған дейін балалар ескі ғимаратта ем қабылдауға мәжбүр болады. Ал қазіргі аурухананы жаңартуға немесе жөндеуге қаржы қарастырылмаған.



