CaspianLife, 28 шілде. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде әдепсіз, заңға қайшы контент таратқаны үшін 9 блогер мен стримерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа алған құқық қорғау органдары цифрлық кеңістіктегі заңбұзушылықтардың жолын кесуді жүйелі түрде қолға алды. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, кейбір желі қолданушылары қаралым, лайк пен донат жинау үшін шектен шығып, тікелей эфирде балағат сөздер айту, қауіпті пранктер ұйымдастыру және адамдарды қорлау сияқты әрекеттерге баруда.
Анықталған заңбұзушылықтар мен қолданылған шаралар:
-
Астана қаласы: TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен белгілі 37 жастағы Индира Ештаева тікелей эфирде балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік айыппұл арқалады.
-
Алматы қаласы: 32 жастағы Ақтөре Батырбек тікелей эфир кезінде төңірегіндегілерді қорлап, бейауыз сөздер айтқаны үшін сот шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды.
-
Шымкент қаласы: 20 жастағы Данияр Сейдалиев аудитория жинау мақсатында электрошокер қолданып, жалған адам ұрлау сахнасын ұйымдастырған. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
-
Жамбыл облысы:
-
«Алтын қыз» бүркеншік атымен танымал 41 жастағы Лайло Қасымова тікелей эфирде балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік айыппұл алды.
-
19 жастағы Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов TikTok-та донат жинау мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
-
Анонимділік құтқармайды
Ішкі істер министрлігі заң бұзушылардың жеке басын анықтауға қажетті барлық заманауи құралдардың бар екенін ескертеді. Телефон экранының немесе бүркеншік аккаунттың артына жасырыну мүмкін емес — кез келген заңбұзушылық анықталып, құқықтық баға беріледі.
«Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін және қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатындардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жалғастырамыз. Алдағы уақытта да заң бұзушылардың есімдерін алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап отырамыз», — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Азаматтардың басым бөлігі желідегі мұндай әрекеттерге қарсылық білдіріп, полицияға тікелей жүгінуде. Полиция өкілдері интернеттегі кез келген заңбұзушылық бойынша түскен өтініштердің міндетті түрде қаралатынын жеткізді.
Дереккөз: Polisia.kz

