CaspianLife, 2 маусым. Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған ымырасыз саясатын жалғастыра береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, қазіргі жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты шарты.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары заң бұзушылықтың кез келген көрінісіне жедел әрі қатаң әрекет етуге міндетті екенін атап өтті.
Президент өз сөзінде құқықтық тәртіп мәселесін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен байланыстырды. Оның пікірінше, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен елді мекендердің тазалығы қоғамның мәдениеті мен жауапкершілік деңгейін көрсетеді.
Осы бағытта қалалар мен ауылдарды кешенді абаттандыру және көгалдандыру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, демалыс және туристік аймақтардағы, сондай-ақ табиғи нысандардағы тәртіпті бақылауды күшейту көзделіп отыр.
«Мүлікті қасақана бүлдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзатын вандалдарды заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту қажет. Құқықтық нигилизмге қарсы тұру үшін бүкіл қоғам болып бірігуіміз керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қабылдап жатқан шараларды «Айыппұлстан» немесе «Штрафстан» деп сынайтын жекелеген тұлғалардың пікіріне де тоқталды.
Президент мұндай көзқарас олардың ой-өрісінің тарлығын көрсететінін айтты. Оның сөзінше, халыққа ең алдымен қауіпсіздік, тұрақтылық және қоғамдық тыныштық қажет.
«Біз таңдаған жолдан таймаймыз және «Заң мен тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыруды жалғастырамыз. Себебі бұл – азаматтардың нақты сұранысы», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент заңға бағыну тек айыппұлдан қорқуға емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне негізделуі керек екенін айтты.
Осыған байланысты барлық деңгейдегі әкімдер мен азаматтық қоғам институттарына қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

