Caspianlife, 2 маусым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City қаласын дамыту мәселесіне арналған жиында Үкімет пен әкімдерге «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асырудың маңызын тағы да еске салды.
Президенттің айтуынша, жаңа қаланы тиімді жоспарлап, жан-жақты дамыту қажет. Барлық құрылыс нысандары халықаралық талаптар мен заманауи стандарттарға толық сәйкес болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасының негізгі мақсаты бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи инфрақұрылым құру екенін атап өтті. Сондай-ақ қала төрт ауданға бөлініп, онда салынатын барлық нысандар халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талаптарға сай болуы керектігін айтты.
Мемлекет басшысы қаланы абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударды.
«Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» ұғымының тек қоршаған ортаның тазалығымен шектелмейтінін атап өтті.
Президенттің сөзінше, бұл – қалаларды тазалау, көгалдандыру, көркейту және абаттандырумен қатар, қоғамдағы тазалық мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың отаншылдық сезімін нығайту және рухани құндылықтарды дәріптеу дегенді білдіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы уақыт өте келе Әділетті Қазақстанның ажырамас бөлігіне әрі елдің тұтас идеологиясына айналуы тиіс.

