CaspianLife, 1 маусым. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Президент резиденциясы – Ақорда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100 оқушыны қабылдады.
Арнайы ұйымдастырылған экскурсияға пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық және спорттық байқауларда топ жарған дарынды балалар қатысты.
Экскурсия барысында оқушыларға Ақорданың салыну тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері таныстырылды. Сондай-ақ олар ресми қабылдаулар өтетін залдарды аралап, Мемлекет басшысының кітапханасын көрді және резиденция аумағындағы бақта серуендеді.
Кездесу аясында жеткіншектер Қазақстан тарихы мен Тәуелсіздік құндылықтары туралы жан-жақты мәлімет алып, елдің басты саяси нысандарының бірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, патриоттық тәрбиені нығайту болды.
Экскурсия соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.




