Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 6 пайызға өскен. Тізімнің көшін 40 проценттік өсіммен картоп бастап тұр. Сондай-ақ, пияз 33, қарақұмық, сәбіз, сары майлардың құны 29 пайызға қымбаттаған.
Айнаш ЕСЖАНОВА, Атырау облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:
– Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша осы жылдың басынан бергі баға индексі 105,7 % болды. 21–28 шілде аралығында макарон түрлері 2,1, қарақұмық жармасы 0,6, жұмыртқа 2,4 пайызға жоғарылағандығы байқалады.
Баға тұрақтылығы бас ауруымызға айналғалы қашан?! Төтенше жағдай енгізілгелі мәселе тіпті күрделенді. Қымбатшылықтан қалтасы қағылған тұрғындар күнкөрістің нашарлағанын айтып, мұң шақты.
Тұрғындардың айтуынша, баға өсімі базарларда байқалады. Ал мамандар мұны маусымдық кезеңде болатын қалыпты жағдай деп түсіндірді.
Руслан ДАВЛЕТОВ, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Иә, расында кейбір маусымдыққа байланысты өсімдер болады. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты өнімдердің бағасы өсті.
Сондай-ақ, картоп пен қарақұмық өнімдерінің басым бөлігі көршілес Ресейден әкелінетіндіктен, баға айырмашылығының болуы заңдылық екен-міс.