CaspianLife, 2 шілде — Бүгін Атырау облысы бойынша экология департаменті «Теңізшевройл» ЖШС-не тиесілі Теңіз кен орнының екінші буын зауытында 1 шілде, сағат 17:40-та мұнай желісіндегі клапан жабылғанын хабарлады.
Осы себепті екінші буын зауыттарында және шикі газды айдау өндірісі тоқтатылды. Қазіргі уақытта себептері анықталуда. Өндіріс пен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алауда отын газы жағылады. Ақаулықтың себептері мен басқа да мәліметтер қосымша хабарланады. Бұдан әрі экология департаменті жоспардан тыс тексеріс ұйымдастыратыны хабарлады.
Экологтардың бұл хабарламасына «Теңізшервойл» (ТШО) компаниясының өзі ресми түсініктеме берді.
«ТШО 2021 жылдың 1 шілдесінде теңіздегі нысандардың бірінде болған және газдың стандартты емес жағылуына әкеп соққан уақытша техникалық ақаулық болғанын растайды. Қазіргі уақытта барлық өндірістік объект жұмыс істеп тұр. Оқиға жабдықтың зауыттың технологиялық регламентіне сәйкес және персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стратегиялық объектілерді қорғау мақсатында жұмыс істейтінін көрсетті. ТШО оқиғаның себебін анықтау үшін талдау жүргізеді», — делінген Теңізшевройл компаниясының хабарламасында.