Caspianlife, 9 қыркүйек. Үкімет отырысында білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды. Колледждерді қаржыландыруды олардың қазіргі мүмкіндіктеріне емес, еңбек нарығындағы нақты сұранысқа байланыстыру және түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуын тұрақты бақылауға алу жоспарланып отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі кадр даярлау жүйесі заманауи экономиканың талаптарына толық сәйкес келмейтінін айтып, колледждерді түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Оның айтуынша, оқу орындарының басым бөлігі моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген.
«Колледж ғимараттарының 70 пайыздан астамы 40 жылдан бұрын салынған. Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастау жөнінде тапсырма берді. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы тиіс. Осы міндет аясында Мемлекет басшысы колледждер салу және оларды кешенді жаңғырту тәсілдерін мақұлдады», – деді Олжас Бектенов.
Алдағы уақытта колледждерде цифрлық жүйелермен және жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын оқыту жоспарлануда. Өңірлерде мамандар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау бойынша салалық кластерлер құру көзделіп отыр.
Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2027–2030 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын 1 қарашаға дейін Үкіметке енгізу тапсырылды.
Аселім ҚАЛКЕН, Астана

