«Атырау» ФК-ның жанкүйерлері клуб басшылығының отставкаға кетуін талап етуде. Өйткені, соңғы ойындарда клуб жеңілістен көз ашпады, сондықтан құрамаға жаңа басшы керек, — дейді олар. Айтуларынша, 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген клубты спорттың дәл осы түрінен бейхабар адам басқарып отырған көрінеді.
Ал, клубтың бас жаттықтырушысы болса, көрсеткіштің төмен болуы — өткен ойындарда қателік жіберген төрешілердің де кінәсі дейді.
Арам ВОСКАНЯН, «Атырау» ФК бас жаттықтырушысы
Бұл — футбол. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Астананың ойынын көрдіңіздер ғой, сәтті болмады. 2:1, пенальти. Футбол болғандықтан мұндай нәрселер болады. Ойынға талдау жасадым. Жігіттер өздері жіберген қателіктерін біледі.Қазір дайындалып жатырмыз.
Жанкүйерлермен жүздескен «Атырау» ФК директоры Қонысбай Шпанов та енді айтарлықтай нәтиже болмаса, орнымды босатуға дайынмын дейді.
Қос тараптың жүздесуінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов те төбе көрсетті. Ол егер клубтың көрсеткіші төмендей берсе, басшылықпен сөйлесіп, қажетті жұмыстарды атқарамыз деп отыр. Айтпақшы, жанкүйерлер бұл мәселе бойынша облыс әкіміне де арызданған.
Ол жақтан «аудандарда 70-тен аса жас өрен футболдан дайындалып жатыр» деген жауап келіпті. Мұндай жауапқа көңілі толмағандар енді президент аппаратына шағымданамыз деп отыр. Биыл жоғары лигада ойнау үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге алып отырған клубтың ендігі ойыны 14 сәуірде «Жетісу» командасымен болмақ.