Caspianlife, 20 тамыз. Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін шетелдік көрерменге танытатын фильмдер мен деректі жобалар елдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Солардың бірі әлемдік деңгейдегі танымал трэвел — блогер Джо Хаттабтың — «Inside Kazakhstan (Nuclear Missiles, Space Rockets & Eagle Hunters)» атты фильмі. YouTube желісінде жарияланған бұл туынды 3 миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Фильм арқылы Қазақстанның тарихы, табиғаты, ұлттық мәдениеті мен заманауи келбеті халықаралық аудиторияға ұсынылған. Туындының жоғары қаралымы Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстаудың ерекше табиғатына деген әлемдік қызығушылықтың бар екенін аңғартады.
Фильмдегі ерекше назар аударарлық көріністердің бірі – Маңғыстаудың қайталанбас табиғаты. Кадрларда түрлі түсті жартас қабаттары мен ерекше геологиялық пішіндер көрсетіліп, өңір фантастикалық фильмдердегі мекендей бейнеленген.
Атап айтқанда, кадрлардан Қызылкүп шатқалы, Боқты тауы, Көгілдір лагуна жағалауы, сондай-ақ әлемге танымал Бозжыра шатқалының ақ жартастары мен Қарынжарық ойпатының кең тынысты даласын көруге болады. Бір-біріне ұқсамайтын бұл табиғи нысандар Маңғыстаудың ерекше келбетін бір фильмнің ішінде жан-жақты таныта түседі.
Фильмнің құндылығы – Қазақстанды шетелдік көрерменнің көзімен көрсетуінде. Автор елді тек тарихи деректер арқылы емес, табиғаты, адамдары және ұлттық дәстүрлері арқылы таныстырады. Ал Маңғыстау осы бейненің ең әсерлі бөліктерінің біріне айналған.
Маңғыстау табиғатының ерекшелігі – оның бір ғана ландшафтпен шектелмейтіндігінде. Мұнда шөлейт дала, борлы таулар, шатқалдар, ойпаттар мен Каспий теңізінің жағалауы қатар кездеседі. Шетелдік туристік материалдарда да өңірдің «өзге әлемге ұқсас» ландшафттары ерекше аталып жүр.
Фильм көрермендерінің арасында Қазақстанның табиғатына таңданысын білдірген шетелдіктер де бар. Мәселен, Мароккодан пікір қалдырған көрермен: «Мен бұл әдемі елді және оның керемет халқын жақсы көремін, бағалаймын және құрметтеймін. Мароккодан Қазақстан халқына сәлем!» – деп өз ықыласын жеткізген. Фильм трэвел-блогер, режиссер-документалист Джо Хаттабтың YouTube жобасында жарияланған.
Сілтеме: https://youtu.be/twMvQ64jom8?si=LvIaJhplaZFqvr4u

