Caspianlife, 20 тамыз. Қазақстанда алғаш рет тез дайындалатын өнім форматында дайын бешбармақ сатылымға шықты. Бұл идея Жылыой ауданынан шыққан кәсіпкер Анар Бейсенге тиесілі. Ол дәстүрлі қазақ асханасына жаңалық енгізіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, өнім толық сублимациядан өтеді. Соның арқасында тағамның түсі мен табиғи дәмі бастапқы қалпында сақталады.
Анар өз кәсібін сублимацияланған балмұздақ пен жемістерді сатудан бастаған. Кейін кептіру технологиясын жан-жақты зерттеп, нарыққа өнімнің жаңа түрлерін шығара бастаған.
«Алдымен сублимацияланған таңқурай мен басқа да жемістерді тапсырыспен жеткізіп жүрдік. Сұраныс артқан кезде оларды көп мөлшерде сатып алып, сата бастадым. Кейін “бәрін өзіміз өндіріп көрсек қалай болады?” деген ой келді. Технологияны зерттей келе, арнайы құрал-жабдық қажет екенін түсіндім. Нәтижесінде “Таңдау” жобасы аясында несие алып, аппарат сатып алып, өндірісті іске қостым. Сублимацияланған бешбармақ жасау идеясы командамен бірге дүниеге келді. Кейін “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысуды ұйғардым. Мұндай өнімді алғаш болып жасап жатқанымызға сенімдімін», – дейді кәсіпкер.
Анардың айтуынша, бүгінде өнімге шетелдегі отандастарымыз бен саяхатқа шығатын туристер арасында сұраныс жоғары.
Кәсіпкер бешбармақтан бөлек, ешкі сүті, шұбат пен қымыздың құрғақ ұнтақ түрлерін де өндіреді. Ұнтақты қажетті мөлшерде сумен араластырса, сусын бастапқы қалпына қайта келеді. Өнімдер қатарында бауырсақ, құрт, ірімшік және «қазақша рафаэлло» деп аталатын тәтті де бар.
«Қазір үй жағдайында жұмыс істеймін, ал өнімдерімді өзімнің “Малибу” студиямда сатамын. Алайда өндіріс көлемі өсіп, барлық тапсырысты өңдеуге үлгермей жатырмын. Сондықтан қосымша құрал-жабдық сатып алып, бешбармақтың қаптамасын жаңартып, үлкен цех ашуды және өнімді шетелге экспорттауды жоспарлап отырмын. Ұлттық брендімізді дамытып, өнімді басқа қалалардағы дүкендерге көтерме сауда арқылы жеткізгім келеді», – дейді Анар өз жоспарымен бөлісіп.
Бүгінде кәсіпкер Жылыой ауданының үш тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс әзірге үй жағдайында жүзеге асырылады. Алдағы жоспар – үйдегі шағын өндірісті толыққанды цехқа айналдыру.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ, Жылыой ауданы

