Caspianlife, 9 қазан. 2027 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандықтарға поликлиникаға алғашқы барған кезде базалық көмек алу үшін МӘМС жүйесіндегі мәртебе қажет болмайды. Тиісті министрлік бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, пациенттер сақтандырусыз жалпы қан және зәр анализін тапсыра алады, ЭКГ, флюорография және бүйрек УДЗ зерттеулерін жасай алады.
«Осылайша, тізімде көзделген базалық көмекті бастапқы өтініш кезінде алу үшін сақтандырылған мәртебесінің болуы талап етілмейді», — делінген жобаның негіздемесінде.
Ведомство бұл өзгерістерді поликлиникалардағы тәртіпті ретке келтіру ниетімен түсіндіреді. Қазіргі уақытта пациенттер кепілдік берілген тегін медициналық көмектің қай жерде аяқталып, МӘМС пакеті қай жерде басталатынын жиі түсіне бермейді. Қос стандарттарды болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай ережелерді енгізеді: алғашқы визит кезіндегі базалық көмек ерекшеліксіз барлығына қолжетімді болуы тиіс.
Поклиникалардың пациенттермен байланыс тәртібі де өзгереді. Азаматтарға медициналық деректер базасына қосылған арнайы автоматтандырылған бағдарламалар хабарласады. Бұл регистратура қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, адамдарға алдағы қабылдаулар, скринингтер және тексеру нәтижелері туралы жылдамырақ хабарлауға мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасын талқылау 23 қазанға дейін жалғасады. Егер қарсылықтар түспесе, жаңа нормалар 2027 жылы күшіне енеді.

