CaspianLife. 23 қараша. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мектептің үш қызметкері бюджет қаражатынан 82 млн теңгеден астам қаржы жымқырғаны үшін сотталды. Сот үкімімен №5 мектеп-лицейдің бас есепшісі 8 жылға, ал екі есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ үшеуіне де 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу кейінге шегерілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Заңбұзушылықтарды аудан прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеру барысында анықтаған. Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында мектептің бас есепшісі екі әріптесімен бірге директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланып, қызметкерлерге негізсіз жоғары жалақы есептеген. Артық аударылған ақшаны жұмысшылар қолма-қол ақшаға айналдырып, есепшілерге беріп отырған.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалған.
Кәмшат Секенбайқызы, Ақтөбе облысы

