CaspianLife. 20 қараша. Атырау облысында Ескене және Таскескен елді мекендерінің тұрғындарын көшіру мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы облыс әкімі Болат Ақшолақов Мақат ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Ал аталған аумақта ірі өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асырылуы оны одан әрі өзекті етіп отыр. Өңір басшысы тұрғындарды көшіру мәселесі өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтті.
«Бұл – барлығымыз үшін өте күрделі мәселе. Облыс әкімі қызметіне тағайындалған алғашқы күннен бастап бұл мәселені жан-жақты зерделеп, орталық мемлекеттік органдардың тиісті өкілдерімен келіссөздер жүргіздім. Мәселені егжей-тегжейлі пысықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындарды көшіру мәселесі республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуіне немесе демеушілердің қолдауына, сондай-ақ Атырау қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің аяқталуына байланысты. Бұл мәселе жеке бақылауымда болады. Өз құзыретім аясында оны шешу үшін бар күшімді саламын», – деді Болат Ақшолақов.
Кездесуде апатты тұрғын үйлерді жаңарту мәселесі де талқыланды. Мақат ауданында 122 апатты үй бар. Алдағы үш жылда олардың тұрғындарын кезең-кезеңімен жаңа пәтерлерге көшіру жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 83 отбасы баспаналы болған. Ал сүрілген үйлердің орнына қоғамдық кеңістіктер салынады.
Тұрғындар Мақат кентіндегі құрылысы тоқтап қалған 60 пәтерлік үйдің жайын да сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, бұған мердігер ұйымның жұмысы себеп болған.
«Мердігер ұйымның жауапсыздығынан нысанда құрылыс жұмыстары басталғанымен, аяқсыз қалған. Қазіргі уақытта іргетастағы жарықтар ұлғайғандықтан, үй құрылысын жалғастыру мүмкін емес. Осыған байланысты техникалық тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданады», – деп түсіндірді өңір басшысы.
«Халықтық құрылыс жылы» аясында ауданда Баймұханов және Қанатбаев атындағы орта мектептер жаңғыртылады. Мақат кентінде әрқайсысы 160 орындық екі балабақша салынады. Сонымен қатар Мақатта 24 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталды. Ал Доссор кентінде 28,7 шақырым жол жаңартылады. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң аудандағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.
Кездесу ашық форматта өтті. Тұрғындар облыс әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жиыннан кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА, Мақат ауданы

