CaspianLife. 20 қараша. Маңғыстау облысында алғаш рет күздік бидай егілді. Маңғыстау ауданындағы Тасмұрын алқабында бидай мен картоп өсіруге арналған 2 мың гектар жерді игеру жобасы басталды. Қазір 300 гектар жер дайындалып, алғашқы тұқым себілді.
Шаруашылық егіс және орақ науқандарына қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Оның иелігінде тракторлар, соқалар, тұқым сепкіштер мен комбайндар бар. Ал тұқымдық материалды шаруалар Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтына арнайы тапсырыспен алдырған. Аграрлар осы алқаптан 600 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.
Шаруа қожалығының басшысы Өмірсерік Байғазиев атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Біз 600 тонна тұқым жеткіздік. Бәрі ойдағыдай болса, 300 гектардың әр гектарына 200 келіден тұқым себеміз. Өнім маусым айының соңына қарай піседі деп күтіп отырмыз. Ең бастысы – көктеп шыққан дәннің жақсы жетілуіне жағдай жасау. Бұл жобаға үлкен үміт артып отырмыз. Мол өнім жинайтынымызға сенімдіміз», – деді ол.
Қазір шаруашылықта 15 адам еңбек етеді. Жобаның жүзеге асу барысымен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай да танысты. Ол өңірде егін шаруашылығын дамытуға қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Аружан СИСЕНОВА, Маңғыстау облысы
Фото: иллюстрациялық

