CaspianLife. 23 қараша. Қаржы нарығының сарапшылары 2025 жыл бойы және 2026 жылдың алғашқы жартысында талқыланған зейнетақы реформасы жүйедегі екі негізгі мәселені шешпейді деп есептейді. Оның біріншісі – қаржылық мәселе: мемлекеттік бюджетке шамадан тыс салмақ салмай, азаматтарға лайықты зейнетақы төлеуді қамтамасыз ету. Екіншісі – сенім мәселесі. Азаматтар жылдар бойы зейнетақы жинағын қалыптастырғанымен, оның қалай басқарылатынына іс жүзінде ықпал ете алмайды. Forbes Kazakhstan басылымы реформаның әлі де шешімін таппаған тұстарына қатысты нарық қатысушыларының пікірін жинақтаған.
Базалық зейнетақы неге мәселені шеше алмайды?
Қазір зейнетақы базалық, ынтымақты және жинақтаушы бөліктерден тұрады. Базалық зейнетақы бюджет есебінен төленеді. 2026 жылы оның ең төменгі мөлшері 35,6 мың теңгеге тең. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Сондықтан оны алушылардың саны жыл сайын азайып келеді. Ал жинақтаушы бөлік қызметкер жалақысының 10 пайызы мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасады. 2024 жылдан бастап оған жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен қосылып жатыр.
Болашақта ынтымақты зейнетақының орнын жинақтаушы жүйе басуы тиіс. Алайда азаматтардың жинаған қаражаты бәріне бірдей жеткілікті емес. Бұған жалақының төмендігі, бейресми жұмыспен қамту, жарналардың тұрақты аударылмауы және инвестициялық табыстылықтың төмен болуы әсер етеді. Бұған қоса, тұрғын үй алу мен емделуге байланысты зейнетақы жинақтарының едәуір бөлігі мерзімінен бұрын алынған. Сондықтан болашақ зейнеткерлердің көпшілігі үшін кепілдендірілген негізгі табыс көзі базалық зейнетақы болмақ.
Бұрынғы қаржы министрі, Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Болат Жәмішевтің пікірінше, базалық зейнетақының мөлшері дұрыс айқындалмаған.
«Біздің базалық зейнетақымыз жеткіліксіз. Оның басты себебі – оны есептеу әдістемесінің табыспен байланысы жоқ. Ал зейнетақы бұрынғы табыстың белгілі бір бөлігін алмастыруға тиіс», – дейді ол.
Табысты алмастыру коэффициенті зейнеткердің бұрынғы жалақысының қандай үлесін сақтай алатынын көрсетеді. Қазір базалық зейнетақы күнкөріс минимумына байланысты есептеледі. Ал Болат Жәмішев оны медианалық жалақыға негіздеуді ұсынып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті әдістемені әзірлегенімен, бұл бағытта әлі нақты шешім қабылданбаған.
«Бұл мәселе міндетті түрде шешілуі керек. Алайда әзірге оны шешуге дайындық бар екенін байқап отырған жоқпыз», – деп атап өтті сарапшы.
Қаражатты қайдан алуға болады?
Болат Жәмішевтің пікірінше, базалық зейнетақыны арттыру бюджетке қосымша салмақ түсірмейді. Өйткені ынтымақты зейнетақы алушылардың саны азайған сайын осы төлемдерге бөлінетін қаражаттың бір бөлігі босайды.
«Біз ынтымақты зейнетақы бойынша үнемделген шартты қаражатты базалық зейнетақыға қайта бөлуді және мемлекеттік зейнетақы төлемдерінің деңгейін жалпы ішкі өнімнің қазіргі 2,8–2,9 пайызы көлемінде сақтауды ұсынамыз», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, зейнетақы шығындарының экономикадағы үлесі тұрақты түрде төмендеп келеді. Сондықтан базалық зейнетақы мөлшерін арттыру мәселесі неғұрлым кеш көтерілсе, кейін бұл мақсатқа жұмсалатын шығындарды көбейту соғұрлым қиын болады.
ЖМЗЖ-ның 5 пайызына қатысты дау
2026 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері 3,5 пайызды құрайды. 2027 жылы ол 4,5 пайызға, ал 2028 жылы 5 пайызға дейін өседі. Қызметкердің 10 пайыздық жарнасын қосқанда, жалпы көрсеткіш 15 пайызға жетеді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) кемінде 13–15 пайыз болуы жөніндегі ұсынымына сәйкес келеді. Болат Жәмішевтің пікірінше, жарна мөлшерін бұдан әрі арттыру мәселесі көтерілуі екіталай.
Алайда жұмыс беруші аударатын 5 пайыз қызметкердің жеке шотына түспейді. Бұл қаражат шартты-жинақтаушы құрамда есепке алынады және азаматтың жеке меншігіне айналмайды. Яғни жұмыс беруші нақты бір қызметкер үшін жарна төлегенімен, оның жеке зейнетақы капиталы қалыптаспайды.
Елена Бахмутова, Болат Жәмішев, Ораз Жандосов, Қадыржан Дамитов және басқа да мамандар кірген тәуелсіз сарапшылар тобы басқа тетікті ұсынған. Олардың ұсынысы бойынша, ЖМЗЖ-ның 5 пайызының 4 пайызы азаматтардың жеке шоттарына аударылып, қалған 1 пайызы жинақ таусылғаннан кейін де өмір сүру тәуекелін сақтандыруға бағытталуы керек.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жарналарды өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды қоса алғанда, баршаға арналған зейнетақы төлемдерінің тағы бір квазимемлекеттік көзіне айналдыруды көздеген.
24 қазан, сенбі күні ведомство зейнетақы жүйесін дамыту мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Алайда онда ұсыныстардың түпкілікті нұсқасы қашан таныстырылатыны және заңға қандай нақты түзетулер енгізілетіні айтылмады. Кездесуге қатысушылардың бірінің мәліметінше, министрлік ЖМЗЖ-ның 5 пайызын зейнетақымен қамсыздандырудың қосымша деңгейі ретінде пайдалану идеясынан бас тартқан. Дегенмен бұл қаражатқа қатысты пікірталас әлі де жалғасуы мүмкін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған миллион адам
Болат Жәмішевтің бағалауынша, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған шамамен 1 миллион адам бар. Олардың көпшілігі үшін зейнетақы жарналарын төлеу негізгі шығындардың қатарында емес. Қазір бұл санаттағы азаматтар табысының 2 пайызы мөлшерінде жарна аударады.
«Мұндай жарна болашақта бұл азаматтарға лайықты зейнетақы төлеуге мүмкіндік бермейді», – деп есептейді сарапшы.
Тәуелсіз сарапшылар тобы мемлекеттік қосымша қаржыландыру тетігін енгізуді ұсынып отыр. Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ай сайын ең төменгі жалақының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жарна аударып, мұны 12 ай бойы үзбей жалғастырса, мемлекет оның шотына қосымша 5 пайыз көлемінде қаражат қосуы керек.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болған жағдайда, азамат ай сайын өз қаражатынан 8,5 мың теңге аударып, мемлекеттен қосымша 4,25 мың теңге алады. Осылайша, бір жыл ішінде оның зейнетақы шотына инвестициялық табысты есептемегенде, 153 мың теңге түседі. Оның 51 мың теңгесі бюджеттен берілетін қосымша қаражат болмақ.
Зейнетақы жүйесіндегі қаражат кімге тиесілі?
Қаржыгер, «Атамекен» зейнетақы қоры басқармасының бұрынғы төрағасы Кантар Орынбаев зейнетақы жүйесінің негізгі мақсатын айқындау қажет деп санайды. Оның айтуынша, жүйе азаматтардың қартайған шағын қамтамасыз етуге бағытталуы керек пе, әлде мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін өтеуге қызмет етуі тиіс пе – алдымен осы мәселенің басын ашып алу қажет.
Отыз жылға жуық уақыт ішінде жинақтаушы жүйеде көлемі 30 триллион теңгеге жуық актив қалыптасқан. Алайда мүдделер қайшылығы әлі шешілмеген. Мемлекет үшін арзан қарыз алу тиімді болса, зейнетақы қоры тәуекелі қолайлы деңгейде болған жағдайда барынша жоғары табыс табуға мүдделі.
Қор портфелінің едәуір бөлігі әлі де мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған. Олардың табыстылығы корпоративтік облигациялар мен акциялардың кірістілігінен төмен. Егер инвестициялық табыс инфляция деңгейінен аспаса, салымшы ең жақсы дегенде өзі аударған жарналарын ғана қайтарып алады. Яғни бұрынғы табысының шамамен 10 пайызы ғана алмастырылады.
«Мен қазір мемлекетке мынадай сұрақ қойғым келеді: зейнетақы жүйесін қалай дамытпақсыздар? Ол салымшының жауапкершілігіне негізделуі керек пе, әлде бұл міндетті мемлекет өз мойнына ала ма? Егер салымшының өзі жауапты болғанын қаласаңыздар, онда зейнетақы активтерін мемлекеттік бағалы қағаздарға бағыттаудың да, портфельді Ұлттық банктің басқаруының да қажеті жоқ», – дейді Қаңтар Орынбаев.
Болат Жәмішев те бұл пікірмен негізінен келіседі. Оның айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығы мен ақша-кредит саясатына жауап береді. Сонымен қатар ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқаруда негізгі рөл атқарып отыр. Сарапшының пікірінше, осы екі функцияның бір органға жүктелуі мүдделер қайшылығын туындатады.
Жеке басқарушылар арасындағы бәсеке әзірге шартты сипатта
Реформаның маңызды бағыттарының бірі – инвестициялық портфельді жеке басқарушылардың (ИПБ) рөлін кеңейту. Іс жүзінде Қазақстан 2013 жылы жеке зейнетақы қорларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірген кезде бас тартқан модельге қайта оралып отыр.
Қазір 30 триллион теңгеге жуық зейнетақы активінің 1 пайызынан азы ғана жеке басқарушылардың иелігінде. Қаңтар Орынбаев активтерді жеке басқаруға беру бойынша нақты әрі өлшенетін мақсаттар белгілеу қажет деп есептейді. Мәселен, 2027 жылы активтердің 10 пайызын, ал 2030 жылы 30 пайызын жеке басқаруға беру ұсынылады.
Сонымен қатар қаражатты жеке басқарушыларға беру әкімшілік жолмен емес, азаматтардың ерікті таңдауы негізінде жүзеге асуы керек. Әйтпесе табыстылық үшін бәсекелестіктің орнына активтерді кезекті рет қайта бөлуге жол ашылады.
Зейнетақы жинақтарын жаппай мерзімінен бұрын алу да жүйеге деген сенімге кері әсерін тигізді. Болат Жәмішевтің пікірінше, Қазақстан Сингапур моделінің кейбір тетіктерін ел жағдайына бейімдемей енгізіп, азаматтардың табыс деңгейі мен жарна көлеміндегі айырмашылықтарды ескермеген.
Ал Қаңтар Орынбаев мұның себебін инвестициялық тиімділіктің төмендігімен және салымшылардың қор өз мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанына сенбеуімен байланыстырады.
Екі сарапшы да негізгі мәселе жекелеген көрсеткіштерді өзгертумен шектелмей, жүйенің жұмыс істеу қағидаттарын қайта қарау қажеттігінде екенін айтады. Болат Жәмішев болашақ зейнетақының қаржылық тұрақтылығына басымдық берсе, Қаңтар Орынбаев инвестициялау дербестігі мен басқарушылар арасындағы бәсекелестікті маңызды санайды.
Оларды біріктіретін ортақ мәселе – сенім. Азамат зейнетақы қаражатының өзіне тиесілі екеніне сенімді болуы керек. Ал мемлекет міндетті төлемдерді белгілеумен ғана шектелмей, азаматтардың зейнетақы жинағын қалыптастыруына жағдай жасауы тиіс.
Дереккөз: Forbes Kazakhstan

