CaspianLife. 24 қараша. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі күндізгі стационарларда медициналық көмек көрсету стандартына өзгерістер енгізді. Енді ем қабылдап жатқан баланың жанында болып, оған күтім жасайтын ата-анасы немесе қамқоршысы уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ала алады.
Егер бес жасқа толмаған бала күндізгі стационарда немесе үй жағдайындағы стационарда емделсе, оған күтім жасайтын адамға еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Бұл талап жасы үлкен балаларға да қатысты. Алайда мұндай жағдайда дәрігерлер баланың қосымша күтімді қажет ететінін растауы тиіс.
«Стационарды алмастыратын жағдайларда бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді қажет ететін жасы үлкен науқас балаларды емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе балаға тікелей күтім жасайтын өзге адамға Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтамасы беріле отырып, баланың жанында болуға мүмкіндік жасалады», – делінген құжатта.
Бұдан бөлек, емханалар енді пациенттерге ТМККК немесе МӘМС аясында жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылатын күнді алдын ала хабарлайды. Медициналық ұйым кезек тәртібін ескере отырып, нақты күнді белгілеген соң, емхана қызметкері пациентке бұл туралы ауызша ескертеді немесе SMS, push-хабарлама жібереді. Сондай-ақ арнайы жолдама беріп, белгіленген күні келу қажеттігін еске салады.
Осы бұйрықпен экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) және бедеулікті емдеу қызметтері де күндізгі стационарларда медициналық көмек көрсету стандартына ресми түрде енгізілді. Енді бедеулікті тәулік бойы ауруханада жатпай-ақ, күндізгі стационарда немесе үй жағдайында емдеуге болады. Қосалқы репродуктивтік технологияларды қолдану арқылы ем қабылдайтын пациенттерге де үй жағдайындағы стационар форматы қолжетімді болды.
Дереккөз: «Курсив»

