Caspianlife, 9 қазан. Ақтөбеде жеке стоматологиялық клиникаға жүргізілген тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Науқасты жоғары медициналық білімі жоқ маман қабылдаған, сондай-ақ пациенттермен ақылы қызмет көрсету туралы міндетті шарттар жасалмаған. Жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеруге қаланың 37 жастағы тұрғыны Гүлжайнат Құлмырзинаның басынан өткен жағдай себеп болды. Тісін емдеткеннен кейін ол ауруханаға түскен. Әйелдің айтуынша, дәрігердің қателігінен ол бірнеше тісінен айырылып, жүйкесі зақымданған. Сондай-ақ ол денсаулығына келтірілген зиян ана болу қабілетіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Қазіргі уақытта Гүлжайнат клиникамен соттасып жатыр.
Ақтөбе облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, пациентке «дантист» біліктілігі бар орта медициналық білімі бар маман көмек көрсеткен. Алайда стандарт бұған басқаша талап қояды.
«Стандартқа сәйкес, екінші деңгейдегі стоматологиялық көмекті «ересектер немесе балалар стоматологиясы» бейіні бойынша жоғары білімі бар маман көрсетуге міндетті», — деп түсіндірді Нұрлыгүл Бисенова.
Зардап шеккен азаматшаға әлі де бірнеше ота жасау қажет. Ол клиникадан емделу шығындарын толық өтеуді талап етуде. Гүлжайнаттың айтуынша, клиника өкілдері соттағы татуласу рәсіміне келмеген.
«Мен соттағы татуласу рәсіміне бардым. Бірақ олардың тарапынан тіпті заңгерлері, адвокаттары да келмеді, өздері де қатысқан жоқ. Келісімге келгілері келмеді. Енді мен сот талқылауын жалғастыруды сұраймын. Жұртшылық бізді қандай дәрігерлер емдеп жатқанын білсін», — деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Гүлжайнат Құлмырзинаның стоматологқа барып келгеннен кейін ауруханаға түскені белгілі болған еді. Оған ота жасаған дәрігерлер әйелдің химиялық күйік алғанын растады. Содан бері ол ем-дом қабылдауды жалғастыруда.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

