Caspianlife, 9 қазан. Ақтөбеде шыны ыдыс өндіретін зауыт салынады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жоба бойынша «Aktobe Steklo» ЖШС-мен инвестициялық келісім жасасты. Инвестиция көлемі 60 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпорын құрылысы биылғы жылдың төртінші тоқсанында басталып, өндіріс 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 256 млн дана шыны ыдыс шығарады. Өнімнің шамамен 80%-ы ішкі нарыққа жеткізіліп, қалған бөлігі Орталық Азия елдеріне экспортталмақ.
Жоба аясында 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов мәлімдеді. Оның айтуынша, зауытта отандық табиғи минералды шикізат пен Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жиналған шыны сынықтары пайдаланылады.
«Қайта өңделген шикізат өндірістік циклге қайта қосылады. Жобаның негізгі бағыттарының бірі — пайдаланылатын шыны сынықтарының үлесін кезең-кезеңімен арттыру. 2035 жылға қарай олардың жалпы шикізат құрамындағы үлесін кемінде 24%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бизнес-жоспарға сәйкес, жобаны қаржыландыру кезеңінде 245 мың тоннадан астам шыны қалдығы қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл оларды екінші айналымға тиімді тартуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

