Caspianlife, 9 қазан. «Ақ жол» фракциясы Үкіметке жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі үшін бүкіл ел бойынша 2-3% мөлшерінде бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді және мәслихаттардың оны өзгерту құқығынан айыруды ұсынды. Депутаттардың пікірінше, өңірлер арасындағы мөлшерлеме айырмашылығы кәсіпкерлер үшін қосымша шығындар тудырады және бизнестің бір өңірден екінші өңірге көшуіне түрткі болуы мүмкін.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінің жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Бастапқы мөлшерлеме 4% құрайды, сонымен бірге мәслихаттар оны 50% шегінде төмендетуге немесе көтеруге құқылы. Нәтижесінде бір өңірде кәсіпкер 2% төлесе, екіншісінде 6% төлейді.
Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжановтың пікірінше, мұндай теңгерімсіздік шағын бизнеске түсетін салмақты арттырады. Сонымен қатар, бірнеше өңірде бірдей жұмыс істейтіндерге салық есебін жүргізуді айтарлықтай қиындатады.
«Қазақстан — біртұтас мемлекет, оның егемендігі бүкіл аумаққа таралады. Әрине, мемлекеттік саясат өңірлік ерекшеліктерді ескеруі тиіс. Бірақ бірдей қызмет түрімен айналысатын кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесі тек жұмыс істейтін аумағына байланысты әр түрлі болмауы керек. Бұл мәселе ауылдық жерлер мен шағын қалалар үшін өте маңызды. Егер көрші өңірде мөлшерлеме төмен болса, кәсіпкер өз ісін сол жаққа көшіріп жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда ол жұмыс орнын таңдағанда сұранысқа, инфрақұрылым мен кіріске емес, тек төмен салықтарға ғана сүйенеді. Ал бизнес кетсе — бұрынғы елді мекенде салық түсімдері қысқарып, іскерлік белсенділік төмендейді», — деп мәлімдеді Дәурен Ахметжанов.
Ол сондай-ақ салық айырмашылығының бизнес көші-қонына қалай әсер ететінін зерделеу қажеттігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, салық саясаты кәсіпкерлерді басқа жаққа көшуге емес, туған өңірінде ісін дамытуға ынталандыруы тиіс.
«Біз барлық Қазақстан бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі үшін 2-3% мөлшерінде бірыңғай салық мөлшерлемесін белгілеуді және мәслихаттардың оны көтеру немесе төмендету құқығын жоюды талап етеміз. Барлық өңірлердегі шағын және орта бизнес үшін тең базалық салық жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Салық кодексіне қажетті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруды сұраймыз», — деп баса айтты Дәурен Ахметжанов.
Бұған дейін Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы депутаттардың қарауына енгізілетінін хабарлаған болатын.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: kazpravda.kz

