Caspianlife, 9 қазан. Күзгі шақырылым науқаны аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөліміне жас сарбаздардың алғашқы легі келіп жетті.
Ақтау қаласынан келген жастарды әскери бөлімнің жеке құрамы қарсы алып, оларды орналастыру және әскери қызметке бейімдеу жұмыстары басталды. Әскери бөлімге алғаш келген сарбаздарға әскери киім-кешек беріліп, оны дұрыс кию, күтіп ұстау және сақтау тәртібі туралы жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы уақытта Орал, Ақтөбе және Алматы қалаларынан тағы 150-ге жуық жас келіп, Ұлттық ұлан қатарын толықтырады деп күтілуде.
Алғашқы күнгі әсерімен бөліскен қатардағы жауынгер Мұрат Омаров әскери бөлімдегі қарсы алу мен алғашқы дайындық барысына тоқталды.
– Атырау қаласына әскери қызметке келдік. Бізді жақсы қарсы алды. Бірінші күні әскери киімдерді алып, оларды қалай кию және қалай сақтау керектігін үйретіп жатыр. Барлығы түсінікті түрде көрсетілуде, – деді жас сарбаз.
Жас толықтыруларды қабылдау, оларды орналастыру және әскери қызмет жағдайына бейімдеу жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасады. Алдағы күндері сарбаздар әскери тәртіп пен күн тәртібіне бейімделіп, бастапқы әскери даярлықтың негізгі бағыттары бойынша сабақтарға кіріседі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі

