Caspianlife, 20 тамыз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін латын графикасына көшіруге бөлінген бюджет қаражатының негізгі бөлігін қазынаға қайтарғанын хабарлады. Толық көшу процесі жаңа әліпби мен емле ережелері ресми түрде бекітілгеннен кейін ғана қайта басталмақ.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен жоғары оқу орындарының лингвист-ғалымдары әліпби жобасы мен жаңа емле ережелерін әлі де жетілдіріп жатыр.
Қосымша бюджеттік қаражат бөлу және бірыңғай цифрлық коммуникациялық құралдарды әзірлеу мәселесі тиісті нормативтік-құқықтық актілер ресми мақұлданғаннан кейін ғана қайта қаралады.
Министрлік жаңа әліпби толық бекітілгенге дейін жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға ғимараттардағы латын қарпіндегі маңдайшалар мен жазуларды қолданбауды ұсынды.

