CaspianLife, 21 тамыз. Жолдың жалпы конструкциялық қалыңдығы 80 сантиметрді құрайды. Мұнда инженерлік коммуникациялар көшіріліп, 3 автотұрақ жасалды. Қазір жолдың екі жағында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынуда. Ал аялдамалардағы автобус павильондарын жаңасына ауыстыру жоспарланған. Бұл «Жастар – Еркінқала» бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жасалып жатыр, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба аясында бүгінге дейін 4 шақырым жолға асфальт төселді. Ал Жұмыскер шағын ауданындағы Тайманов мектебі тұсынан Сатыбалдиев көшесіне дейінгі 2,4 шақырым учаскеде асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жолдың жалпы ұзындығы – 11,8 шақырым. Оның 8,7 шақырымы төрт жолақты, ені 15 метр болатын жолға дейін кеңейтіледі. Қалған 3,1 шақырым учаске екі жолақты жол ретінде қарастырылған.
— Жоба аясында жолдың өткізу қабілетін арттырумен қатар, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайын жасауға басымдық берілуде. Атап айтқанда, жол бойында жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынып, аялдамалар жаңартылады, — деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсенов.
Сонымен қатар Ерік каналындағы көпірді қайта жаңғырту, су өткізгіш құбырлар орнату және Ракуша, Балауса, Өркен, Жұмыскер шағын аудандарында қосымша өтпелер салу көзделген. Бұл тұрғындардың негізгі төрт жолақты жолға тікелей шығуын шектеп, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жол құрылысының бас мердігері – «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.

