Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағында қарастырылған қылмысты жасады деген күдікпен Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Айыпталушы Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелген серіктестікте басқару функциясын жүзеге асыра отырып, алаяқтық жолмен 24,6 млн. теңге сомасында бюджеттік ақша қаражатын жымқырған.
Бұл қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау қаласының аумағында көппәтерлі тұрғын үй құрылысына бөлінген. Қазір тергеу шаралары жалғасып жатыр.