Атырау мұнай өңдеу зауыты 14 млн. теңге көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы өндіріске жоспардан тыс тексеріс жүргізген облыстық экология департаменті хабарлады.
Осыдан үш апта бұрын жергілікті табиғат жанашырлары кәсіпорыннан шыққан судың құрамында мұнай болғанын байқаған. Экологтардың шығарған қорытындысы бойынша, азот амоний тиісті нормадан 5 есе, сульфат 2,5 есе, өлшеулі заттар 628 есе, мұнай өнімі 6, ал құрғақ қалдықтар 1,5 есе көп болған.
Сырым ТІЛЕГЕНОВ, Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары
Апатты жағдай орын алған кезде департаментке екі сағатта хабарлау керек. Ал мониторинг жүргізгенде анықталған нормадан асу бойынша үш күн ішінде хабарлауы тиіс. Егер экологиялық заңнама бұзылған кезде тексерім субъектісі тарапынан қылмыстық жаза белгілері, факті болған жағдайда, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын тұлға құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті.
Тексеріс материалдары жинақталып, полиция департаментіне жолданған. Одан арғы шешім құзырлы органның еншісінде. Бұл – жыл басынан бері өндіріске жүргізілген жоспардан тыс төртінші тексеріс. Осыған дейінгі үшеуінде кәсіпорын миллион екі жүз мың теңге айыппұл арқалаған. Ал қазір кешенге профилактикалық бақылау жүргізіліп жатыр, жақын күндері оның да қорытындысы шығады.