Тәуелсіз экологтар мен қоғам белсенділері Маңғыстауда орын тепкен Бозжыра шатқалына шетелдік инвестолардың қонақ үй салуына қарсылық білдірді.
Болашақта ол аумаққа туристер көптеп жиналса, сан түрлі құс пен жануарға қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жобаны жүзеге асырмас бұрын қоғамдық талқылауға салып, бүге-шүгесіне дейін зерттеу керектігін айтады.
Әділбек ҚОЗЫБАҚОВ, тәуелсіз эколог
Бозжыра маңында ғана кездесетін аң-құстарымыз бар. Олардың ішінде қызыл кітапқа бірнешесі енген. Соларға ешқандай зиян тигізбейтіндей жоба жасалып, құзырлы органдар бақылауды күшейту керек. Қазірдің өзінде сол жаққа джип турлармен адамдар барып, табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр.
Бозжыра аумағы ұзақ мерзімге жалға беріледі. Бірақ әкімдіктегілер нақты қанша жылға екенін ашып айтпады. Өңірде алғашқы болып бес жұлдызды қонақүй тұрғызған компания табиғатқа еш залал келтірмей, «жасыл технологияны» пайдаланып, шатқалда туристерге жаңа демалыс орнын салмақшы.
Есенқос ӘДІЛБАЕВ, Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары
Интернет желісіндегі Бозжырада нысан салынып жатыр дегеннің бәрі дұрыс емес. Дәл сол жерде емес. Бозжырадан 2-3 шақырым жерде орналасатын болады. Бірінші, жобасын жасақтайды. Жоба жасақтағаннан кейін арнайы қоғамдық тыңдау өтеді. Қоғамдық тыңдауда экологиялық әсері бар ма, жоқ па – барлығы талқыланады.
Ал белсенділер өңір туризмін дамытудан бұрын табиғи құндылықты сақтап қалу маңызды деп отыр.