Индерде жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында салынған спорттық ғимараттарды жаңғырту жұмыстары қолға алынуда.
Аудан орталығындағы 2013 жылы пайдалануға берілген спорт кешені түрлі дауылдың салдарынан күрделі жөндеуге сұранып тұрған еді. Осыған дейін мектеп қызметкерлерінің күшімен жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен, таңдай қағарлық өзгеріс болмады. Енді биыл қазынадан қомақты қаржы бөлініп, ғимараттың шатыры ауыстырылып қана қоймай, жаттығу бөлмелері де жаңартылып жатыр.
Ал кеңес үкіметінен қалған қираудың аз-ақ алдындағы жылу орталығын жергілікті спортшылар өз күштерімен қалыпқа келтіріп, жаттығу залына айналдырғанмен, көне ғимарат көңілден шыға қоймады. Осы мәселеге байланысты спортшылардың аудан басшылығына әлеуметтік желі арқылы жеткізген базынасы қолдау тауып, дайындық бөлмелері аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерген.
Спорт кешеніндегі жауапты қызметкерлердің айтуынша, қос ғимараттың жөндеу жұмыстарына 60 миллион теңге бөлініпті. Жоспар бойынша жұмыс қыркүйектің аяғында аяқталуы тиіс.
Қазіргі уақытта балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде бокс, тоғызқұмалақ, дзюдо, самбо, еркін күрес, қазақша күрес, футбол, волейбол сынды спорт түрлерінен 918 шәкірт дәріс алады. Олардың барлығы 24 бапкердің – бақылауында.