CaspianLife. 15 қазан. Ақтөбеде 5 мың көрерменге арналған әмбебап спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс барысын облыс әкімі Асхат Шахаров өзі тексерді.
Нысан «Алтын Орда» шағын ауданында бой көтеріп жатыр. Мұнда орталық спорт аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастика залдары, баскетбол мен волейбол алаңдары болады. Сондай-ақ кешенде жаттығу залы, йога және пилатеспен айналысуға арналған аймақтар қарастырылған. Арена ірі спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған.
«Нысанның жалпы ауданы – 31 мың шаршы метр. Ол 6,1 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттың айналасында автотұрақтар мен саябақ аймағы абаттандырылады. Бұл нысан қаламыздың сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды ғимараттардың біріне айналады. Құрылысты келесі жылдың соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазір арматура байлау жұмыстарына 40-қа жуық адам тартылған. Әрине, бұл сан жұмыс көлеміне қарай өзгеріп отырады. Алдағы уақытта жұмысшылар саны артады», – деді Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

