Индерде жол жөндеу жұмыстары қарқын ала түсті. Тасжол аудан орталығымен қатар ауылдық округтердің көшелеріне де төселіп жатыр.
2 700-ге тарта халқы бар Көктоғай елдімекенінде автокөлік жолдарымен бірге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Құрылысшылар басты назарды жұмыстың сапасына қойып отырмыз дейді.
Ауылдағы Бейбітшілік, Атамбаев, Сейфуллин, Тәуелсіздік, Нысанбаев т.б. көшелерді қамтитын жолдың ұзындығы 13 шақырымға жуықтайды. Оның сыртында 4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы тағы салынбақ. Қазынадан миллиардтап қаржы бөлінген жұмыстар мамырдың аяғында басталған. Салынған жолдың сапасына 2 жыл кепілдік берілмек, жалпы жұмыстар қарашаға дейін аяқталуы тиіс.
Қанат ХАЙРОЛЛАҰЛЫ, мердігер мекеме өкілі:
– Жалпы құны – 1 миллирад теңге. Соның күні бүгінге дейін 400 млн теңгесіне жұмыс атқарылды. Жылдың аяғына дейін жолды тапсыруға тырысамыз. Ауылдық ішкі жолда 21 көше бар. Соның 5 көшесі қалып тұр. Қалғандарының жұмысы аяқталып қалды.
Жол құрылысына қажетті топырақ қоспалары Индербор кентіндегі каръерлерден тасымалданса, қиыршық тас көршілес Ақтөбеден әкелінеді. Ауыл халқы пандемияның салдарынан кеш басталған жол салу жұмыстарының аяқталуын асыға күтіп отыр.