CaspianLife. 27 қазан. «Жасыл даму» АҚ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен қалдықтарды басқару саласындағы 34 жобаға кәдеге жарату төлемдері есебінен 122,6 млрд теңге бөлді. Бұл қаражатқа елімізде қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары мен сұрыптау кешендері салынып, арнайы техника сатып алынып жатыр.
Жалпы, министрлік жанындағы Инвестициялық штаб қаржыландырудың жалпы көлемі 440 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдаған. Оның 34-іне қаржы бөлінген.
Қаржыландырылған алты жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын нысандар салуды көздейді. Олардың жылдық қуаттылығы 650 мың тонна болады. Тағы 18 жоба қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға бағытталған. Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы жылына 435 мың тоннаға жетеді. Ал он жоба аясында 177 бірлік арнайы техника сатып алу қарастырылған.
Жобалардың бір бөлігі іске қосылды. Қазірдің өзінде 15 жоба пайдалануға берілген. Олардың аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер мен жылына 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін өндіріс орындары іске қосылған.
Қаржының басым бөлігі Алматы қаласындағы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бағытталған. Сонымен қатар Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында, Астана мен Шымкент қалаларында және басқа да өңірлерде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жобалар қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, макулатураны, ПЭТ бөтелкелерді, автокөлік шиналарын және басқа да қалдық түрлерін өңдеу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және арнайы техника паркін жаңарту көзделген.
Жаңа жобалар қазір қарау, келісу және қаржыландыруға дайындау кезеңдерінен өтіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі

