CaspianLife. 27 қазан. 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанның шоғырландырылған бюджетіне мұнай-газ кәсіпорындарынан 6,17 трлн теңге салық түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігі LS басылымына хабарлаған. Былтыр осы кезеңде сала бюджетке 5 трлн теңге төлеген. Осылайша, салық түсімдері 1,17 трлн теңгеге өсті. Ал жыл басынан бері Ұлттық қорға 3,4 трлн теңге түскен.
Ірі жобалар арасында салық төлемі бойынша «Теңізшевройл» көш бастап тұр. Компания 3,2 трлн теңге салық төлеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға көп. Қарашығанақ жобасынан 914,9 млрд теңге түскен, бұл былтырғы көрсеткіштен 10,4%-ға аз. Ал Солтүстік Каспий жобасының (Қашаған) төлемдері 2,3 есе өсіп, 787,3 млрд теңгеге жеткен.
Тек қыркүйек айында мұнай-газ компаниялары 788 млрд теңге салық төлеген. Бұл өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 2,4 есе көп. Оның 238,7 млрд теңгесі Ұлттық қорға аударылған.
Қыркүйекте «Теңізшевройл» 538,8 млрд теңге төлеген. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 2,7 есе жоғары. Солтүстік Каспий жобасының төлемдері 5,2 есе өсіп, 152,6 млрд теңгеге жеткен. Ал Қарашығанақ жобасының төлемдері керісінше 1,8 есе азайып, 22,7 млрд теңгені құраған.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, салық түсімдеріне сыртқы және ішкі факторлар қатар әсер етеді. Олардың қатарында геосаяси жағдайдың өзгеруі, операциялық шығындардың артуы және ірі жобалардағы өндірістің уақытша тоқтауы бар. Бұл жағдайлар көмірсутек өндіру мен экспорттау көлеміне ықпал еткен.
Министрлік Энергетика министрлігінің деректерін де келтірді. Оған сәйкес, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында көмірсутек өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 млн тоннаға азайып, 61,8 млн тоннаны құраған.
Фото: itek.ru

