СaspianLife. 27 қазан. Республика күніне орай Атырау қаласының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Қала тұрғындары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету және ел тарихындағы егемендіктің маңызын атап өту үшін жиналды. Салтанатты шарада Мемлекеттік әнұран орындалып, көк байрақ көкке көтерілді.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Бұл мерекенің ел тарихында орны ерекше. Өйткені тәуелсіздігімізге жол ашқан күн – осы. Өткен 35 жыл ішінде мемлекетіміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап, ұлттық экономикамызды қалыптастырдық және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырдық. Бүгінде біз өткенге тағзым етіп қана қоймай, жетістіктерімізді саралап, алдағы міндеттерді де айқындаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекеттілікті нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саяси-экономикалық реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді Болат Ақшолақов.
Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар және қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар егемендік жылдарында қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов елдің әл-ауқатының артуы егемендіктің арқасында мүмкін болғанын айтты.
«Еліміздің әл-ауқатының артуы – мұның бәрі егемендіктің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан бұл мереке Қазақстанның әрбір азаматы үшін қасиетті әрі қадірлі болуы керек деп санаймын. Мереке құтты болсын!» – деді Саламат Идрисов.
Мемлекеттік рәміздер алаңында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жанбиби ЖЕКСЕМБАЙ, Атырау

