CaspianLife. 27 қазан. Ақтөбе қаласындағы индустриялық аймақта қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, қағаз бен картон өндіретін зауыт салынып жатыр. Жоба толық қуатына шыққан кезде «Capital Plast Kz» ЖШС тәулігіне 150 тоннаға дейін макулатура өңдеп, жылына 42 мың тонна дайын өнім шығара алады. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Зауыттың негізгі өнімі орауыш материалдар болады. Атап айтқанда, жылына 18 мың тоннаға дейін гофрлеуге арналған қағаз және гофрленген картонның жазық қабаттарына арналған 24 мың тонна картон өндіріледі. Бұл материалдар әртүрлі тауарларды сақтау мен тасымалдауға арналған гофрленген қаптамалар жасау үшін қолданылады.
Кәсіпорынға қажетті шикізат Батыс Қазақстан өңірлерінен жиналады деп жоспарланып отыр. Осылайша, пайдаланылған қағаз бен картон полигондарға жіберілмей, қайта өңдеу арқылы жаңа өнімге айналады.
Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қаржыландыру кәдеге жарату төлемдері есебінен жүргізіледі. Жобаға шамамен 10,3 млрд теңге қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Қазір құрылыс алаңында іргетас жұмыстары аяқталып, металл конструкциялар орнатылып, өндірістік ғимараттар салынуда. Қазандық та салынып біткен. Компанияның бас инженері Диас Жұмағазыұлының айтуынша, кәсіпорын 2028 жылы іске қосылады. Зауыт толық қуатына шыққан кезде 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жоба қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыруға бағытталған бастамалардың қатарына кіреді. Зауыт Ақтөбе қаласында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, қаптама өндірушілерін қосымша шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұл жоба әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде макулатураны жинау мен қайта өңдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру үшін маңызды.
Дереккөз: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

