CaspianLife, 1 қазан. Құрылтайдың пленарлық отырысында «Компьютерлік қылмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қабылданды. Құжат шетелде сақталған цифрлық деректерді жедел алуға және электрондық дәлелдемелермен алмасуға мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігінің брифингінде соңғы үш жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық жағдайлары 40 пайызға азайғаны айтылды. Зардап шеккен азаматтарға 6 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Ал тағы 5,5 млрд теңгенің шетелге шығарылуына тосқауыл қойылған. Сонымен қатар 170 млн-нан астам күмәнді қоңырау бұғатталған.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов биылғы сегіз айдың қорытындысын да жариялады. Оның айтуынша, осы кезеңде интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстар саны 13 пайызға төмендеген.
«Егер 2025 жылы 16 564 қылмыс тіркелсе, биыл олардың саны 14 417-ні құрады. Бұл ретте қылмыстардың ашылу көрсеткіші 7 пайызға артты. Қазіргі уақытта банк деректемелерін сыйақы үшін үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Антифрод жүйесі де жұмысын жалғастырып жатыр», – деді Санжар Әділов.
Вице-министр Қазақстанға шетелден жасалатын кибершабуылдарға да тоқталды. Оның айтуынша, мұндай шабуылдардың басым бөлігі Украинадан және бірқатар басқа мемлекеттерден тіркеледі.
«Бұл нақты бір аумаққа немесе мемлекетке байланысты емес. Барлығы қылмыс жасайтын адамдарға байланысты. Бүгін кибершабуыл Украинадан жасалса, ертең басқа елден жасалуы мүмкін. Мұны хакерлер жасайды, олар бір жерде отырмайды. Шабуылдардың басым бөлігі Украинадан және басқа да бірқатар мемлекеттен жасалады», – деп түсіндірді ол.
Брифингте Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы туралы ақпарат таратқан хакердің ісі де сөз болды. Санжар Әділовтің айтуынша, күдікті Түркиядан экстрадицияланған.
«Қазіргі уақытта оған алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылды. Іс сотта қаралып жатыр. Өкінішке қарай, бұдан артық ақпарат бере алмаймын, оған құқығым жоқ», – деді вице-министр.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында бір отбасы із-түзсіз жоғалып, кейін оның төрт мүшесінің мәйіті табылған болатын. Осы іске қатысты айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

