CaspianLife. 17 қараша. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов «Атырау Арена» спорт кешенінің, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледждің және №30 мектеп-гимназияның құрылыс барысын тексерді. Сондай-ақ Ломоносов атындағы мектептің құрылысына дайындық жұмыстарымен танысты. Екі мектеп те келесі жылдың қыркүйегіне дейін салынып, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауы тиіс.
«Нұрсая» шағынауданында салынып жатқан көпфункционалды спорт кешенінің аумағында қазір қадалар қағылып, жер асты суының деңгейін төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іргетасқа ұзындығы 22 метр болатын сульфатқа төзімді бетон қадалар қолданылуда. Бұл кезеңді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазір құрылыс алаңында 100-ге жуық адам еңбек етіп жүр.
Өңір басшысы болашақ спорт кешенін қаланың кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігін алдын ала пысықтауды тапсырды. Ол үшін инженерлік желілердің орналасуы мен техникалық параметрлерін алдын ала келісу қажет.
«Құрылыс алаңында 40 техника жұмылдырылған. Жұмыстың ең қарқынды кезеңі келесі жылға жоспарланған. Сол кезде жұмысшылар саны 400 адамға дейін артады. Кешеннің жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат жертөле қабатымен қоса үш қабатты болады. Мұнда спорттың 20 түрі бойынша секциялар орналасады. Құрылысты 2028 жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «Атырау Арена» спорт кешенінің жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбас.
Ал спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледждің жалпы аумағы 16,7 мың шаршы метр болады. Оқу блогы 400 оқушыға, ал жатақхана 300 тәрбиеленушіге арналған. Мұнда 7–11 сынып оқушылары дзюдо, таеквондо, волейбол, бокс, еркін күрес, үстел теннисі және көркем гимнастика секілді олимпиадалық спорттың 13 түрімен айналыса алады.
Құрылыс алаңындағы мамандардың айтуынша, нысанның спорттық блогы алты бөлікке бөлінген. Сондай-ақ жеке автотұрақ қарастырылған. Бұл қалалық және республикалық чемпионаттар өткізілген кезде оқу үдерісіне кедергі келтірмей, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Құрылысты биыл сәуір айында бастадық. Келесі жылдың сәуірінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мамыр айында техникалық жабдықтарды орналастырып, нысанды толық тапсыру көзделген», – деді құрылыс алаңындағы мамандар.
1500 оқушыға арналған №30 мектеп-гимназияда қазір іргетас құю және қабырғаларды тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сыртқы инженерлік желілер тартылып, аумақ абаттандырылып жатыр. Осы аптада су құбырын монтаждау аяқталады. Ал келесі аптадан бастап кәріз, жылу және газ желілерін тарту жұмыстары басталады.
«Балықшы» шағынауданында 900 оқушыға арналған Ломоносов атындағы мектептің жобалау және жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама 70 пайызға, жер жұмыстары 40 пайызға, ал іргетасқа арналған негізді дайындау 70 пайызға орындалған.
Мердігердің мәліметінше, топыраққа жүргізілген зертханалық сараптама оң қорытынды берген. Ғимараттың негізін нығайту үшін тиісті инженерлік шешімдер қабылданып, дренаж жүйесі де қарастырылған.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА, Атырау
Фото: иллюстрациялық, «Caspian News» мұрағатынан

