CaspianLife. 17 қараша. Атырау облысында жылына 190 мың тонна бутадиен каучугін өндіретін зауыт салынады. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігі LS басылымының ресми сауалына берген жауабында хабарлаған.
Жоба арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырылады. 2026 жылдың жазында құрылыс алаңы бас мердігерге берілген. Әкімдіктің мәліметінше, қазір бастапқы дайындық жұмыстары, инженерлік-геологиялық ізденістер және жобалау шаралары жүргізіліп жатыр.
«Топырақтың өсімдік қабатын алу және аумақты тік жоспарлау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат талоны алынды», – делінген әкімдіктің жауабында.
Бұған дейін бұл жобаны толығымен қазақстандық тарап жүзеге асыратыны хабарланған болатын. 2024 жылдың ақпанында кәсіпорын құрылысына 414,52 млрд теңге инвестиция салу жоспарланғаны айтылған.
Ал 2025 жылдың шілдесінде зауыт құрылысына ресейлік «Татнефть» компаниясы қатысады деген ақпарат тараған. Ол кезде ресейлік компанияға жобаның 75% үлесі тиесілі болатыны, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысында басталатыны және кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 300 мың тоннаны құрайтыны хабарланған еді.
Сол кездегі жоспар бойынша, құрылыс кезінде 2,2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылып, зауыт іске қосылғаннан кейін 754 тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс болатын.
Кейін, желтоқсан айында Ұлыбритания Ресейдің мұнай компанияларына, соның ішінде «Татнефтьке» қарсы санкциялар енгізгені белгілі болды. Бұл мәселеге «ҚазМұнайГаз» компаниясы да түсініктеме берген.
Дереккөз: LS
Фото: иллюстрациялық, «Caspian News» мұрағатынан

