CaspianLife. 17 қараша. Ақтөбе қаласында дәмханадағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлерге келтірілген материалдық шығын өтеледі. Нысан иесі барлық залалды толық өтеуге, сондай-ақ техникалық сараптама шығындарын төлеуге міндеттеме алған.
Жарылыс салдарынан 13 пәтер мен төрт кәсіпкерлік нысанға зақым келген. Қазір оқиға орнында мамандар ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп жатыр.
«Нысан иесі «GlobalTech Engineering» компаниясымен келісімшарт жасасып, қазіргі уақытта ғимаратқа техникалық тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы апта соңына дейін дайын болады. Бұдан кейін материалдық шығынды өтеуге қатысты сараптама нәтижелері ұсынылды. Соған сәйкес, нысан иесі келтірілген залалды өтеуге міндетті. Ол барлық қажетті материалдық шығынды жабуға дайын екенін растады», – деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.
Жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі уақытша туыстарының үйін паналаған. Ал қалғандарына дәмхана иесі уақытша баспана жалдап берген. Өтемақының нақты көлемі тексеру мен сараптама жұмыстары аяқталғаннан кейін заңнама талаптарына сәйкес белгіленеді.
Еске салайық, 13 қарашада бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған болатын. Жарылыс толқынынан бірнеше пәтердің есік-терезелері қирап, жақын маңда тұрған автокөліктер де зақымданған.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

