CaspianLife, 23 қыркүйек. Жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге берілетін жеңілдіктерді алып тастау ұсынылды. Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, онда заң мен тәртіп мәселелері талқыланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов өрескел және қайталама құқық бұзушылықтар үшін айыппұл көлемін бірнеше есеге арттырып, әрбір қайталанған бұзушылық үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігіне шетелдік тәжірибені зерделеп, жүргізушілерге арналған балдық жүйені енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Қазір еліміздегі жол қозғалысын 30 мыңнан астам камера бақылайды. Алайда қарсы жолаққа шығу, қос тұтас сызықты кесіп өту және белгіленген жылдамдықтан асып кету сияқты заң бұзушылықтар азаймай отыр.
Үкімет басшысы түнгі уақытта қатты шу шығаратын мотоциклдер мен көліктердің қозғалысына да тоқталды.
«Біз шу шығаратын мотоциклдер мен көліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға ең қатаң шараларды қолдану керек. Әйтпесе түн ортасында адамдарға кедергі келтіріп, ұйықтатпайды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» – деп сұрады Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, полиция тәулік бойы жұмыс істейді. Құқық бұзушылықтарды анықтауда цифрлық технологиялар мен бейнекамералар маңызды рөл атқарып отыр. Сонымен қатар тұрғындар да мұндай фактілер туралы 102 нөміріне хабарлай бастаған.
«Жыл басынан бері осындай 372 жағдай тіркелді. Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 адам қамауға алынды. Автокөліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылды», – деді Ержан Саденов.
Бұған жауап ретінде Премьер-министр: «Оларға айыппұл салмай, қамауға алу керек», – деп мәлімдеді.
Бектенов еліміздегі жолдардың сапасына да қатысты сын айтты. «ҚазАвтоЖол» басшысы Дархан Иманашевтің есебін тыңдаған Үкімет басшысы шешімін таппаған мәселелер көп екенін атап өтіп, оның қызметіне қатысты жауапкершілік мәселесі туындауы мүмкін екенін ескертті.
«Жолдардың сапасы жоқ. Түзетіңіздер. Әйтпесе бұл мәселемен басқа адамдар айналысады», – деді Олжас Бектенов.
Отырыстың соңында Үкімет басшысы жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті учаскелердегі бақылауды күшейтуді, жол жамылғысының сапасын арттыруды, бейнекамералардың жұмысын тексеруді, авто мектептердің қызметін қатаң бақылауды және такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: informburo.kz

