Атырауда мұнайшылар күні аталып өтті. Қара алтынды өндіріп, талмай еңбек етіп жүрген мұнай-газ кешеніндегі компания өкілдері Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде бас қосты.
Жергілікті биліктен бастап, 36 компания республикада мұнай-газ саласы кадрларын даярлайтын бірден-бір мамандандырылған жоғары оқу орнына қолдау көрсетуге білек сыбана кіріскен. Ол үшін оқу орны жанынан индустриялық комитет пен қамқоршылық кеңесі де құрылған. Комитетке мүше мекемелер университеттің даму стратегиясына, оқу процесіне қатысу мүмкіндігіне ие. Нақтырақ айтсақ, мұнай-газ, геология саласындағы компания қызметкерлері оқу орнына келіп, білім алушыларға дәріс беріп, тәжірибемен бөліседі.
Қамқорлық кеңесті облыс әкімі басқарады. Оған «Теңізшевройл», «НКОК», «Ембімұнайгаз», «АМӨЗ», «Каспиймұнайгаз», «КМГ Инжиниринг» секілді ірі мұнай компаниялары да мүше. Жиында белгілі болғандай, «Ембімұнайгаз» АҚ студенттердің өндірісте оқытылуы үшін арнайы полигон салып бермек.
Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары:
– Біз жауапты орындардың келісімімен заманауи оқыту полигонын құрып беруді жоспарлап отырмыз. Ол студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Бұл жоба келер жылдың аяғына дейін дайын болады деп отырмыз.
Бұл күні университеттің бірқатар қызметкері де марапатталды. Одан кейін энергетика вице-министрі Жанат Жахметова және облыс әкімінің қатысуымен телекөпір жалғасын тапты. Батыс Қазақстан облысының әкімімен тікелей байланыс орнатылып, барша мұнайшыны мерекемен құттықтады.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, С.Өтебаев атындағы АтМГУ ректоры:
– Бұл шара мұнайшылар күніне орай ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Біз қазір алдымызға сапалы білім мен бәсекеге қабілетті кадр даярлау мақсатын қойып отырмыз. Олар алдағы уақытта мұнай-газ кешенінің дамуына өз үлестерін қосуы қажет.
Атырау мұнай және газ универитеті даярлаған білікті мамандар алдағы уақытта мұнай-газ саласындағы бетке ұстар орда болатынына сенім көп. Өйткені, ЖОО-ның дәл осы мақсатта бірнеше жылдан бері аянбай тер төгіп келе жатқанын білеміз.