Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданы оқушыларының қашықтан оқуын жүйелі ұйымдастыру мақсатында 858 дербес компьютер сатып алынған. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева айтты.
Оның айтуынша, компьютерлер көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратылады. Әр мектепте арнайы тізім жасақталған.
Светлана ҚАЛИЕВА, Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Жаңа оқу жылында аудан мектептеріндегі сабақты 1–11 сыныпты шамамен 8 740 және дайындық сыныбын 1 020 оқушымен бастағалы отырмыз. Маңғыстау ауданында жалпы білім беретін 22 мектеп, 1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі, 1 балалар өнер мектебі қызмет етеді. Осы мектептердің ішіндегі 10 білім ордасында 1 сыныпқа баратын оқушыларға қосымша топ жұмысын бастағалы отыр. Дәстүрлі білім беру үшін ашылып жатқан қосымша топ 1 001 оқушының ішінде 333 баланың ата-аналарының ұсыныс хатына байланысты ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, балалардың мектепке қатынауы үшін аудан орталығынан 80 шақырымда орналасқан Тұщықұдық ауылындағы С. Жаңғабылов және Жыңғылды ауылындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепке 12 миллион теңге болатын автобус сатып алынды.
Сонымен қатар, баспаханалармен келісім шартқа отырып, 2020–2021 оқу жылына қажетті 69 927 дана оқулықтар және оқу әдістемелік құралдарды сатып алу және оны жеткізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бөлім басшысының айтуынша, шалғайда орналасқан елдімекендердің интернет мәселесі жыл аяғына дейін толық шешіледі.