CaspianLife. 11 қараша. Қазақстанда құрастырылған «Stadler» вагондарынан жасақталған пойыз алғаш рет «Астана – Алматы» бағыты бойынша жолға шықты. Пойыз күн сайын қатынайды. Елордадағы «Нұрлы жол» вокзалынан жолға шығар алдында журналистерге жаңа құрамның мүмкіндіктері таныстырылды. Ал теміржолшылар алғашқы болып билет сатып алған жолаушылардың бірі – әйел адамға естелік сыйлық табыстады.
Вагондар Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген. Олар ауа температурасы 50 градус аязға дейін төмендеген кезде де қатынай алады. Қызмет ету мерзімі – 40 жыл. Купе вагоны 40 жолаушыға, ал плацкарт вагоны 58 адамға арналған. Әрбір жолаушы орны жеке жарық шамымен, электр розеткасымен, USB және USB-C ұяшықтарымен жабдықталған. Сонымен қатар вагондарда Wi-Fi, бейнебақылау жүйесі мен жүк қоюға арналған орындар қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Пойыз құрамында буфет вагоны да бар.
Жаңа пойызды іске қосу бастапқыда 2025 жылдың соңына жоспарланғанымен, техникалық мәселелерге байланысты шамамен бір жылға кешікті. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы рейс қараша айында жүзеге асты.
Жаңа пойыздардың ең жоғары жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды. Ал «Тальго» пойыздары сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ануар Ахметжановтың айтуынша, жаңа құрамдар да осындай жылдамдықпен қатынауы үшін теміржол инфрақұрылымын тиісті талаптарға сай жаңғырту қажет.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясы қазірдің өзінде 100-ден астам вагон қабылдап алған. Келісімшарт талаптарына сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанға 557 вагон жеткізіледі. Бұдан кейін оларға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету көзделген.
Қазір еліміздің теміржолдарында тозығы жеткен вагондар әлі де пайдаланылып келеді. Олардың арасында 1993 жылы шығарылғандары да бар. Ануар Ахметжановтың айтуынша, 2030 жылға қарай мұндай вагондар қолданыстан толық шығарылады. «Stadler» вагондарын және Петропавл қаласында құрастырылатын құрамдарды есепке алғанда, «Қазақстан темір жолы» вагон паркін жаңарту деңгейін 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Компания басшылығы тозығы жеткен вагондар мәселесі алдағы үш жылда шешілетінін мәлімдеді.
Жаңа вагондар өзге бағыттарға да қатынай бастайды. 13 қарашада «Stadler» пойызы «Нұрлы жол» – Семей бағыты бойынша алғашқы рейсіне шығады. Билеттерді теміржол кассаларынан және компанияның ресми сайтынан сатып алуға болады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz


