CaspianLife. 9 қараша. Келесі жылы Қызылқоға ауданында сегіз жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Болат Ақшолақов аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Өңір басшысы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
Өзгерістердің басым бөлігі білім беру саласына қатысты. Келесі жылы Аманшин, Сланов және Еркінов атындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Қарабау ауылында салынып жатқан 150 орындық бастауыш мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Ал өнер мектебі мен жастар орталығы биыл жаңа ғимаратқа көшкен.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған жоқ. Әкімнің айтуынша, ауданда бірқатар медициналық нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мұқыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға қосымша ғимарат салу жұмыстары толық аяқталды. Жантерек пен Жамансор ауылдарында медициналық пункттер салынды. Қазір оларға қажетті жабдықтар орнатылып жатыр. Нысандарды келесі айда пайдалануға беру жоспарланған. Алдағы уақытта аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр», — деді Болат Ақшолақов.
Тұрғын үй мәселесі де жүйелі түрде шешіліп келеді. Биыл аудан әкімдігі тұрғындарға беру үшін 28 үй сатып алған. Оның 18-інің кілті жаңа қоныс иелеріне табысталды. Қалған үйлер жыл соңына дейін беріледі. Бұған қоса, биыл тағы 36 үй сатып алу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі жол инфрақұрылымына да жеке тоқталды.
«Ұзындығы 18 шақырым болатын «Миялы – Ойыл» тасжолының құрылысы және 115 шақырымдық «Сағыз – Миялы» автожолына орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ұзындығы 153 шақырым болатын «Мұқыр – Құлсары» автожолының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ауданда жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды салу және жөндеу бойынша 11 жоба қолға алынды. Жұмыстар 2027 жылы толық аяқталуы керек», — деді Болат Ақшолақов.
Ауданда мәдени демалыс пен спортқа арналған жаңа нысандар да бой көтереді. Қарабау, Жангелдин, Мұқыр және Миялы ауылдарындағы мәдениет үйлері 2027 жылы ашылады. Жақын уақытта Сағыз ауылындағы жаңа стадион пайдалануға беріледі. Ал Мұқыр, Жангелдин және Тайсойған ауылдарында спорт нысандарының құрылысы жүріп жатыр.
Кездесу барысында өзен арналарын тазарту және тереңдету, теміржол қатынасын дамыту, ауыл шаруашылығы мәселелері де талқыланды. Сапар облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауымен аяқталды.
Бибігүл ТАҢАТАР, Қызылқоға ауданы
Фото: ашық дереккөздерден

