CaspianLife. 10 қараша. Қазақстан 2033 жылдан кейін Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту шарттарын серіктестерімен барынша қарқынды талқылап жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Келіссөздердің қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Тараптар әлі де өз ұстанымдарын ортаға салып, пікір алмасып жатыр.
«Қазір келіссөздер ең белсенді кезеңде. Тараптар қарқынды түрде пікір алмасып, өз ұстанымдарын талқылап жатыр», — деді министр келіссөздердің қазіргі барысына тоқталып.
Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстан тарапы келіссөздерді аяқтауға қатысты нақты мерзім белгілемеген. Оның сөзінше, ел мүддесін қорғап, тиімді шарттарға қол жеткізу маңызды болғандықтан, келіссөздерге қанша уақыт жұмсалатыны шешуші рөл атқармайды.
Бұл бағыттағы дайындық туралы 2025 жылдың қаңтарында белгілі болған еді. Сол кезде Қазақстан Теңіздегі жобаларға қатысу үлесін арттыру мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отырғаны хабарланды. Сонымен қатар Үкімет мұнай өндіруші компаниялармен жасалған өнімді бөлу туралы қолданыстағы келісімдерді зерделейтін комиссия құрды. Ал Президент жаңартылған, елге тиімді шарттар негізінде өнімді бөлу туралы келісімшарттарды ұзарту жөніндегі келіссөздерді жандандыруды тапсырған болатын.
Ал кен орнының өзінде жаңа жоба аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2025 жылғы 24 қаңтарда «Теңізшевройл» Болашақта кеңейту жобасы аясында салынған Үшінші буын зауытында шикі мұнай өндіруді бастады.

