CaspianLife. 10 қараша. Қазақ тілінің емле ережелері қайта қаралып, орфографиялық сөздікті қоса алғанда, барлық сөздік жаңартылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы мұндай тапсырманы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X құрылтайында берген.
Президенттің айтуынша, сөздер мен терминдердің жазылуы және қолданылуындағы ала-құлалық түсінбеушілік туғызады. Қазақ тілінің ресми орфографиялық сөздігі соңғы рет 1983 жылы бекітілген. Содан бері бірнеше рет қайта басылғанымен, оның жаңа нұсқалары мемлекеттік деңгейде бекітілмеген. Сондықтан емле ережелерін жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажет.
Осы мақсатта ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның жұмысын Президент Әкімшілігі үйлестіреді. Сонымен қатар тіл біліміне қатысты көпшілікке қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеу міндеті қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы қазақ тілінің көршілес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза екенін және бірқатар жаңа сөздің қолданысқа сәтті енгенін атап өтті.
«Жалпы, тіліміз көршілес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп сеніммен айтуға болады. Мәселен, бұрын сирек қолданылған немесе мүлде қолданылмаған “тұжырымдама”, “қағидат”, “жоспар”, “сыйақы”, “шәкіртақы”, “еңбек өтілі”, “кешенді”, “әмбебап”, “жүйелі”, “тыңайтқыш”, “жанармай”, “көгалдандыру”, “босқын”, “қырғи-қабақ соғыс”, “қоқан-лоқы”, “лаңкестік”, “есірткі”, “бітімгерлік күштер”, “мәмілегер”, “ғарыш”, “зымыран”, “жаһан”, “ғаламтор”, “тікұшақ”, “жасанды сана”, “пайыз”, “сынып” сияқты сөздер қазір кеңінен қолданылады. Бұл — оң үрдіс. Алайда әр нәрсенің шегі болуы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кейбір жасанды жолмен жасалған сөздердің қажеттілігіне де күмән келтірді.
«Мәселен, “күйсандық” (пианино), “қылтима” (балкон), “субұрқақ” (фонтан), “себезгі” (душ), “қырыққабат” (капуста), “үнқағаз” (газет), “жеделсаты” (лифт), “желкөз” (форточка) сияқты және басқа да бірқатар жасанды сөздердің қажеттілігі күмән тудырады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қазақтың төл діни ұғымдарының араб тілінен енген сөздермен алмастырылу үрдісіне назар аударды. Тоқаевтың пікірінше, мұндай мәселелерді кәсіби тіл мамандары мен ғалымдар талқылауы керек.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz

