CaspianLife. 3 қараша. «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау инфрақұрылымға техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін қайта жанданды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
«2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Техникалық тексеруден кейін мұнай айдау қайта жанданды», – деді Энергетика министрінің кеңесшісі, ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Еске салайық, бұған дейін хабарлағанымыздай, 2 қараша күні таңертең Ресейдегі Самара өндірістік-диспетчерлік торабы нысандарына жасалған дрон шабуылына байланысты осы бағыт бойынша мұнай қабылдау уақытша тоқтатылған болатын. Зардап шеккендер жоқ. Министрлік жағдайдың ведомство бақылауында екенін атап өтті.

